суббота, 22 июля 2017 г.

Бақыт құшағында... (лесбидің әңгімесі)


Астана. Әсем қаланың әсерлі кештері бірінен соң бірі сырғып өтіп жатыр. Айкен қалтафонын алып, Көркемнің нөмеріне ұзақ қарап отырды. Хабарласса кешегідей «шыға алмаймын» деп көңілін қалдырар ма екен?!

Есілдің жағасындағы бір-екі кездесуден кейін Көркем бұдан кәдімгідей қашқақтап жүр. «Сендей адамды өмірде көріп тұрғаным осы» деген. «Сендей» дегені – лесби. Амал нешік, Айкен сондай адам, өзін өзгертуге тырысқан емес. Көркем шошып айтып тұрған «лесбиандықтан» арылмайды. Ол мұнымен бірге туылған. Бала кезінде қыздардың ойынын жаратпай, ұл боп шыбықтан ат жасап, көлік құрап, темір-терсекпен ойнаған. Анасы көйлек сатып алып берсе, жылап, ешқашан киіп көрмеген. Енді, көңілі қаламаса қайтеді. Мұның өткергенін балалығын ешкімнің басына бермесін. Мектепке әрең дегенде юбка киіп барады, шалбарға рұқсат берген күні юбкасының қайда қалғанын ұмытып кетеді. Ұлдармен көбірек дос болды, солармен алысып-жұлысқаннан асқан қызық ойын жоқ. Қыздардың әңгімесіне қосылмайды.

Бір күні бөлесінің үйіне қонаққа баратын болды. Шамасы 8 сынып оқып жүрген кезі болса керек. Бөлесі Айгерім құрбысымен таныстырды. Көзі доп-домалақ, бетінде бірер сепкілі бар, аққұба келген қыз Айкеннің жанарына оттай басылды. Жүрегі дүрс-дүрс. Есімі  Асылай екен. Оны да 3-4 айтқызып жүріп, әрең есіне сақтады. Асылайдың сыңғырлаған күлкісі, көңілге жағымды қылығы бірден   баурап әкетті. Бұрын-соңды мұндай сезімді басынан өткеріп көрмеген Айкен біразға дейін өзіне не болғанын түсіне алмай дал болды.

Кітаптардан оқыған қимастық, бір көргенде туатын сезім деген сұрапыл дауыл осы болғаны ғой... Шынымен, қызды ұнатып қалғаны ма? Анасына тағы да бірер күнге қалатынан айтты. Бұған дейін осынша уақыт үйінен алыстап көрмеген. Махаббат буы бәріне көндіреді екен. Уақыт зымырап, ол күндерде лезде өте шықты. Жүрегінің төріне кіріп келген «ғашығын» осылай бірнеше шақырымдық ауылға қалдырып кете барды.

Асылайдың көмегі сол, мұның жұрттан өзгешелеу екенін айырып бергенінде. Өз жынысындағы жандардың жанына жақындау екенін ұқтырғандығында болып тұр. Бойында бір жеңілдік бар. Бірақ, ешкімге сыр білдіргісі жоқ. Жұртқа не деп айтады? Нәзік жандыларға деген ішінде жанып тұрған іңкәрлікке кім сенеді?
Неде болса, жан адам білмеуі керек деп шешті. Өмір бір орнында тұрған ба? Айкен ұнатқан неше қыз бұл тартқан азаптың сырын білмей кете барды. Тек бірнеше жыл бұрын бір қызды құлай сүйіп, артынан «жігітше» жүгіріп өзіне қарата алған. Қалай дейсіз ғой? Қиыын кезде қасынан табылып, әрдайым көмек қолын созып демеу болды. Ақыры бауыр басқанын байқамаған қыз, Айкеннің «ғашықпын» дегеніне қарсы келе алмады. Екі жыл уақыт жұптары жазылмады. Тәтті түндер, қызықты кештер, көңілді күндер.... Бірақ, сүйіктісі ілгерідегінің бәрін көтере алмаған сыңайлы. Басқа бір жанның бауырына барып тығылып, Айкеннің жүрегіне өшпес жара салды. «Кеткен қыз кетті» деген ойына өзін бағындырғысы келгенімен, жаралы жүрегі, аласұрғаны санасы көз алдына бейнесін жиі әкеле беретін еді. Бір жыл бақытсыздықтың кермек дәмі тамағында жүрді. Ақыры, баянсыз махаббатының бетін жауып, өмірінің жаңа парақтарын ашпаққа бел буды. Жаңа парақ Көркемнің есімімен жазылады ма деп үміттенген.
Көркемі ырық берер емес. «Қыз қалайша қызға ғашық болады?» деп қатты таңырқады. Не айтса да, басын алып қашты. Енді міне, тіпті кездесуге келіспей отыр.

Бір жұма уақыт Айкен ұнатқаны аруын көре алмай қатты қиналды. Кеше ғана тұрған жұмысына де ілініп-салынып әрең барып келді. Бүгін бар күшін жиып, соңғы үмітпен Көркемге қоғырау шалмаққа бекінді.
    Алло...
    Сәлем, халің қалай?
    Жақсы, рахмет, қолым тимей жатыр еді, сосын хабарласайык..
 Тағы да ашуын шығарған жауап.
    Жарайды, кешір мазаласам...

Оған не болған? Неге сөйлесуден қашады? Бірақ, не деу керек еді? «Маған да ұнап қалдың, жаным» дегені керек пе? Ол ешқашан болмайтын сияқты.
Ескі ой, таныс мұң Айкенді Есіл жағасына тартты, сырын бөлісер өзен сыр бермей өз жөнімен ағып жатыр. Балмұздақ сататын дүңгіршектің тұсына келіп, Көркем өзенге телмірер темір қоршауға сүйенді. Үстемдік еткен үмітке шын көңілмен бас иді. «Қайтпаймын!» деді іштен.

Ертеңгісін жұмыстан жылдамырақ үйіне келді. Жаны тыныш табар емес. Күнімен тыңдаған мұңлы әуен әлі құлағында тұр. Телефонын алып тағы да звондамақ.

Алмады. Не боп қалды екен? Қайта хабарласты. Абонент байланыс аясынан тыс жерде. Жүрегі қатты соғып кетті. Ұялы телефонының өшкенін енді көріп тұр. Қанша хабарласқанымен, тұтқаның ар жағындағы жағымсыз әйелдің даусы бір сөйлемді қайталаумен болды. Телефоны ертесіне де қосылмады. «Менен шынымен «қашқан» екен ғой» деп ойлады.

Үшінш күн. «Хабарлассам ба, әлде енді мазасын алмасам ба екен?» деп ұзақ отырған Айкен ақыры бір рет звондап көрейін деп шешті. Барып тұр. Анасы ауылдан келгендей қуанып кетті.
    Алло...
Даусы солғын шықты.
      Сәлем, Көркем. Қалайсың?
    Жаман емес, өзіңіз?
     Менде бәрі жақсы, неге өшіп жатыр телефоның? Бәрі дұрыс па?
    Иә, тек... ауруханаға түсіп қалдым...
    ...
Айкеннің жүрегі сыртқа атып шығардай соғып кетті.
    Не боп қалды? Қайда жатырсың?
    Жәййй...
Көркем айтқысы келмеді. Айкен дегенінен таймай ақыры, қолдарын оңдырмай күйдіріп алғанын білді. Қоярда қоймай жатқан ауруханасын сұрап, жетуге асықты. Жол жөнекей жеміс-жидек сатып алып, кіргізу уақыты бітіп қалмай жетіп алайын деп, таксиге отырды.

***
Солғын тартқан Көркемнің келбеті жанын одан сайын ауыртты. Үйде байқаусызда қайнаған шәугімді үстіне аударып алған екен. Артынан ешкім іздеп келмепті. Ескі танысын көргендей жылы қабылдады. Айкенге де керегі осы еді.
Екеуі отырып бір сағаттай әңгімелесті. Іші пысқан секілді. Бұрындағыдан да тұйықтала түскен бе, қалай?

Айкен бүгінгі үшінші күн келіп тұр. Көркем де бұның келгеніне кәдімгідей қуанатын болған. Әкелген жеміс-жидегін тартымбай алып қалады. Ертең шығарады екен. қолдарында тыртық қалатынын айтыпты.
     Ештеңе етпейді, әлі-ақ жазылып кетесің!
    Рахмет, сізге...

Ішінен қысылатын секілді. Көздерінде сұрақтар жүреді. Айкеннің бетіне сұраулы жүзбен қарайтын болған. Тағдыры көптеген азаптар тарттырған секілді. Үлкен адамдарша сөйлеседі, жаралы аңдай бірнәрседен жасқанады.
Бүгін ертерек келген, дәрігер қолын орап жатқанда үстінен түсті. Қатты күйіпті, аяқтарының да біраз жерін ыстық су шарпып өткен секілді. Жүрегі ауырып кетті.      Такси күтіп тұр... Дәрігер сізге рахмет!
    Мына дәрілерді алып уақытылы жағып, бинтпен орап жүріңдер! – деді дәрігер, Айкеннің қолына парақ ұсынып. Көркемнің заттарын жинап, оны ауруханадан алып шықты. Арқа сүйер адамы табылған ол да еш қарсылық көрсеткен жоқ.
Жалға алған үйі бір бөлмелі, қыл табылматын таза, қарапайымдылау екен.
    Мұнда қоя салсаңыз болады, – деп Айкеннің қолындағы заттарына орын тауып.
    Қасыңдағы қыздар келе ме? – деді Айкен. – Қолың ауырады әлі, ешнәрсе істеме, барып дәрі алып келейін, дұрыстап қарайық, тезірек жазылады. Мүмкін тамақ жасап берермін?
Көркем келіспеген сыңай танытқанмен, Айкен айтқанынан қайтпайтынын білетін. Тамақ жасап жүріп, сыртқа дәріханаға барып қайтты. Сүйген адамың үшін не істемейсің? Ең бастысы, ол бұған еш қарсылық көрсетіп жүрген жоқ, тіпті осындай адам табылғанына қуанатын секілді. Қуанбай қайтсын? Қиын сәтте көмек көрсетіп, жанын шүберекке түйіп, асты-үстіне түсіп жүрген жоқ па?
     Қыздар бүгін келмейді, олар басқа жақа көшіп жатыр екен... – деді Көркем.
    Көшкені несі, сен не істейсің?
     .... Осында қаламын!
     Айына неше төлейсіз өзі? Бәрін бір өзің төлей алмайсың ғой...
    Көрерміз...
Осымен бұл әңгіме қозғалмады. Біршама уақыттан соң.
    Егер қаласаң, мен келейін. Мен тұратын үйдің иесі шығыңдар деп жатыр еді – деп, Айкен өтірікті соға салды. «Келісер ме екен?» деген ой жымың ете қалды.

Көркем үндемеді. Тезірек жауабын алуға Айкен де асықпады.
Сағат тілі біразға барып қалған екен. Айкен уақыттың қанша болғанын білсе де, кетуге асықпады. Жақсы көретін адамы жанында отырғанда қайда асығады. Оның үстіне ол жалғыз.
    Түн болып кетіпті ғой, үйіңізге жетіп алыңыз. Рахмет сізге көп-көп!! Осындай сәтте демеу болғаныңызға...
Көркем шынымен разы дауыспен айтты. Айкен оның «қал» демегеніне аздап ренжіп те қалса да, «ештеңе етпес, ертең-ақ шақырмай келіп аламын» деп ойлады.

Түнімен екеуі де көз ілмеді. Көркем қорқынышты түстер көріп, мазасы қашса, Айкен сүйетін адамын әні-міні қолына қондыратынын армандап, өз-өзіне дән риза болып жатты. Әйтеуір, таң да атты-ау.

Күнімен Айкен Көркемнің жағдайын ойлаумен болды. «Не істеп жатыр екен?» «Бір жерін ауыртып алмады ма? «Тамақтанды ма?». Санасында мың сұрақ. Жұмыстан шыға сал, кешегі мекен жайға тартты. Жолдан дүкенге соға кетті.
Бол жолы Көркем Айкеннің келгеніне шынымен қуанды. Онысы күлімдеген көзінен көрініп тұрды.  Екеуі кешкі астан соң, Есілдің жағасына шығып, серуендеп қайтты. Дәл осылай Айкен қашан бақытты болып еді? Жанында өзі аңсап, армандаған адамы келеді. Екеуі үйге кіргенде сағат тілі 11-ге таяп қалған еді. Бүгін Көркем Айкенге «үйіңе қайт» демеді. Ұзақ-ұзақ әңгімеден кейін Көркемнің көзі ілініп кетті. Оның сұлу келбетіне тамсана қарап жатып, Айкен де бір сәт ұйқы құшағына бақытты жүзбен сүңгіп кеткен болатын.

Таң тамаша атты. Күн де керемет өтті. Бүгін Айкеннәі осы үйде жүргеніне төртінші күн болады. Көркем екеуі қосылып, үйдің ақшасын да төлеп, осында біразға қалатын болды. Бұдан асқан қуанышты жаңалық бола ма? Сүйіктісі енді жанында.

Тағы да ұзақ әңгімелесу. Бұл жолы Айкен Көркемнің жанына жақын жатты. Есінеп түн кіргелі екеуі талай-талай қызықты әңгімелердің басын қайырды. Тұйық боп көрінген Көркем ашылып, өткен өмірі жайлы, анада күткен жігіті туралы, отбасысы жөнінде айтып берді.

Бұл уақытта жарық сөнулі еді. Айкен Көркемнің дәкемен оралған қолын ауыртып алмайын дегендей жәймен ұстады. Сосын жанына жақындай түсті. Басында Көркем тартынғандай боп көрінгенімен, аса қатты қарсылық таныта қоймады. Айкеннің қолы дірілдеп тұрған мақпал ерініне жүгірді. Сол жұп-жұмсақ ерінді қалай сүйіп тұрғанын өзі де түсінбей қалды. Тұла бойын тоқ ұрғандай сезініп кетті. Басы бақыттан айналып барады. Сүйіс ұзаққа созылды. Көркем де күткен бақыты алдынан шыққандай құшырлана түсті. Айкеннің қолы жібек матадай жұмсақ тәнін сипап жатыр. Төмен түсіп, нағыз ләззатты сезіндіргісі келді. Бірақ оған асықпады, құлағын, мойнын сүйіп, аймалап, тәп-тәтті иісіне қанбай барады. Қою түннің қойнында екі қыз махаббаттың отымен жалындап жатыр...


Комментариев нет:

Отправить комментарий

Лесби-көңілдес #11

( # 10-ның жалғасы) Үміт пен күдік күрескен күндер өте берді. Бәлкім, әлі де солай? Құбылмалы мінезім сенің жүрегіңе оттан гөрі, тот са...